Жамбылда  "Оқушы Арланы"  анықталды

/uploads/thumbnail/20190527161643293_small.jpg

Жастар жылына орай Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының «Ғылыми-тәжірибелік дене шынықтыру орталығының» ұйымдастыруымен «Оқушы Арланы» турнирі өтіп, оған Тараз қаласы мен аудандардан барлығы 87 балуан  қатысты.

Жалпы, мектеп оқушылары арасында ұйымдастырылып отырған тұңғыш турнир 60 келіден жоғары абсолюттік салмақ дәрежесінде және олимпиадалық жүйе бойынша өтті.  Бұл күні балғын балуандардың өнерін тамашалауға «Төрткүл» керуен сарайына жиылғандардың  қарасы қалың болды.  Жанкүйерлердің қолдауын айқын сезінгендіктен де болар, жеткіншектер аянып қалған жоқ. Бапкерлерінің артқан сенімін ақтау үшін, бар өнерлерін салып бақты. Осы орайда жас толқынның  қазақ күресіне шындап ден қойып, әртүрлі айла-тәсілдерді жетік меңгергендігі көпшілікті сүйсінтті.

Әрине, спорттың аты-спорт. Мұнда бағы мен бабы келіскендер топ жарады. Дегенмен, жүлдені оңайшылықпен бере салу тағы болмайды. Сондықтан да саламатты өмір салтын серік етіп, спортқа шындап ден қойған жастар қарсыластарын қапы қалдыруға тырысты. Бұл жолғы бәсекеде Жамбыл ауданы, Бесағаш ауылы, Абай атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Нұрлан Қырғызбек ешкімге дес бермей,  «Оқушы Арланы» атанды. Ал ақтық айналымда сәл сәттілік жетіспеген облыстық спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының 11-сынып оқушысы Бақдәулет Еркінбекұлы  екінші орыннан көрінді.  Үздік үштікті Жамбыл ауданы, Аса ауылы, Ю.Гагарин атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Жантөре Жұмабай түйіндеді.

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков бір жылдық оқу ақысына 50 мен 100 пайыз аралығында  жеңілдік  тағайындаса, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры Ерболат Саурықов  бірінші  орынға – 150 мың, екінші орынға – 100 мың және үшінші орынға – 50 мың теңге көлемінде сыйақы берді. Бұдан бөлек, тунир жеңімпазына қас шеберлер  қолынан шыққан «Оқушы Арланы» турнирінің логотипі бейнеленген белбеу табыс етілді. 

Енді жеңімпаздар мен жүлдегерлер ағымдағы жылдың 25-26 мамыр күндері Алматы қаласында өтетін «Халық барысы» республикалық аламанында өңір намысын қорғайтын болады.    

Бұл, әрине, спортшы жастарға жасалған үлкен қамқорлық. Осылай қанаттанған өрендер болашақта әлемдік додаларда атой салып, еліміздің көкбайрағын биікте желбірететіндігіне сенім мол.

Бақыт Жалғас

Оставить комментарий

Связанные Статьи